Бәсіре

   Көкек айының аяғында, шөптің нәрі толған кезде біздің үй бие
байлайды. Маңайдағы көрші-көлеңнің бәрі біздікіне келіп, әжемнің сақтаған
сүрінен дәм ауыз тиді. Әжемнің айтуымен, желінің қызығына, торы айғырдың жалына
май жағылды. Ел «желі майлар» деп атайтын бұл дәстүрдің елге таңсық көріне
бастауы қазір ғана...

Жұмагелді мен Серікті ертіп кеп, мен әбден марқайып жетілген
қара қасқа құлынымды көрсеттім.

- Менің   бәсірем,-
дедім   мақтанып.- Күзде   мінемін.

- Қой әрі,- деді Жұмагелді күмәнданып.- Құлын, жабағыны
қалай мінбексің?!

- Е, неге? Қасқа құлын ол кезде тай болмай ма?!

- Алты айға дейін құлын, алты айдан бір жасқа дейін -
жабағы, ал бір жастан екі жасқа дейін тай деп атайды. Соны білмейсің бе?

Мен ұялып қалдым. Өйткені Жұмагелдінің білмейтіні жоқ. Атасы
Құмартай осы аймақтағы айтулы атбегі болған соң, онымен сөз таластыру мүмкін
емес.

Асыққанда үш күн өтпей, ай жаңармай қойды ғой. Шілде шығып,
табанды тамыз өтті. Қыркүйекте бие ағытылғаннан кейін қазан мен қарашаның шаруа
елге ес жиғызбай қарбалас күндері басталды. Желтоқсанда ғана ел «уһ» деп жан
шақырғандай болды. Жапалақтап жауған қар сай-саланы толтырып, сіреп тастады.
Күн тымық еді. Әкем қасқа тайды ноқталап, ауылдың шетіне алып шықты. Мен
пысынап, терлеп келемін.

- Балам,- деді әкем,- бәсіреңді өзің үйрет. Өзіңе арналған
мал болған соң, қасқа тайға алдымен сенің тақымың тиюі керек. Ноқтада -
ауыздық, тізгін, сулық, шаужай, кекілдік болмайтыны көрініп тұрсын. Ыңғайы
келсе, омбы қарға сал...

Әкем өте қарулы адам. Қасқа тайды тыпыр еткізбей, оң қолымен
мені демеп мінгізді. Былтыр көршінің тайын үйретіп берген едім. Екі аяғымның
басын қасқа тайдың қолтығына сұғып жіберіп, тақымымды қыса қойдым. Қасқа тай
мөңкіп, тулай жөнелді.

Автор: